Шоу-бизнес жаңалықтары

Әншіге «иіскегім келеді» деген Ерназаров Наркенже Серікбаеваны сотқа берді

13:08, 24 маусым 2025 25

Түркістан облысына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда ішкі дау туындады. Әнші, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева филармония директоры Ғалымжан Ерназаровқа қатысты әлеуметтік желіде сыни жазба жариялап, анайы ұсыныс жасады деп айыптады. Оқиға қоғам назарын аударып, дау кеңінен талқылана бастады.

Осыған байланысты филармония директоры Ғалымжан Ерназаров әлеуметтік желідегі филармонияның ресми парақшасы арқылы мәлімдеме жасап, өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарды. Ол бұл жағдайға қатысты заң аясында әрекет етіп жатқанын және сотқа шағым түсіргенін жеткізді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Кешегі әлеуметтік желіде тарап жатқан видео бойынша мен де өз жауабымды бергім келеді. Мен – отбасылы азаматпын, анам бар. Маған және отбасымның атына қара күйе жағылып жатыр. Бұл мәселеде мені де заң қорғайды деп ойлаймын. Сотқа шағымдандым. Соттың шешімін күтейік. Содан кейін барлық әлеуметтік желілерде жария етеміз», – деді Ерназаров.

Сондай-ақ, ол Наркенже Серікбаеваның «жұмыстан қудалау» туралы мәлімдемесіне жауап берді. Директордың айтуынша, Серікбаева ұзақ уақыт бойы жұмысқа келмегенімен, филармония ұжымы оған жанашырлық танытып, қызметтен босатуға асықпаған.

«Сіздер оның әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп отырсыздар, бір күні Жезқазғанда, бір күні Қызылордада тойда жүреді. Ол мүлде жұмысқа келмейді. Біздің қателігіміз – жұмыста болмағаны үшін қызметінен босату керек болғанда да жанашырлық танытқанымыз еді», – деді ол.

Сонымен қатар, Ерназаров әншінің өз мамандығына қатысты айтқан сынына да тоқталып өтті.

«Мамандығым сәйкес болғандықтан және өнерге жанашыр болған соң, бұл қызметті атқарып отырмын. Шетелге іссапарлар ресми негізде жүзеге асады: елші хаты, басқарманың рұқсаты болады. Бұл қаражатты босқа шашу емес. Астана күнін атап өту мақсатында ұйымдастырылған іссапар», – деп түсіндірді филармония басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желіде видео жариялап, филармония директоры тарапынан анайы ұсыныс естігенін, сондай-ақ жұмыстан шеттетіліп жатқанын айтқан болатын. Қазіргі уақытта бұл дауға қатысты мәселе сотта қаралып жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз