$ 453.93
€ 508.72
₽ 5.35

«Алтын-Емел» ұлттық паркінде экологиялық-мәдени фестиваль өтеді

Редактор
09.10.2026, 15:15
Жетісу облысының туризм басқармасы
Жетісу облысының туризм басқармасы
Парк аумағында 3 571 бас құлан бар 

17 қазан күні «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Алтын-Емел – құландар мекені» экологиялық-мәдени фестивалі өтеді, деп хабаралайды Вairaqmedia.kz.

Іс-шара табиғатты қорғау, экологиялық туризмді дамыту және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға бағытталған.

Фестиваль аясында келушілер құландарды табиғи мекендеу ортасында бақылап, Шолақ тауларының көркем табиғатын тамашалай алады. Сондай-ақ қонақтарға спорттық жарыстар, мәдени қойылымдар, танымдық экскурсиялар мен түрлі шеберлік сабақтары ұсынылады.

«Алтын-Емел» ұлттық паркі сирек кездесетін құландар популяциясын сақтап, көбейту бағытындағы жұмыстарымен ерекшеленеді. 1982 жылы парк аумағында небәрі 32 құлан болса, 2026 жылы олардың саны 3 571 басқа жеткен. Бұл көрсеткіш табиғатты қорғау шараларының нәтижелілігін көрсетеді.

Фестиваль бағдарламасы сағат 09:30-да Шолақ тауларының бөктерінде өтетін 5 және 10 шақырымдық эко-жарыспен басталады. Қатысушылар табиғат аясында жүгіріп, салауатты өмір салты мен экологиялық мәдениетті насихаттайды.

Мәдени бағдарламада көшпелілердің жауынгерлік дәстүрін көрсететін «Қылыш айналдыру» және «Айбалта шоуы» ұйымдастырылады. Сонымен қатар Arkaiym тобы, қобызшы Ләйла Тәжібаева және шаңқобыз орындаушылары өнер көрсетеді.

Сағат 13:30-да қатысушылар Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтерге экскурсияға аттанады. Онда мыңдаған жыл бұрын жартастарға қашалған аңшылық көріністері мен арбалар бейнелері арқылы өңірдің тарихи мұрасымен танысады.

Бұдан бөлек, фестиваль аясында петроглифтер мен көне түркі жазуына арналған шеберлік сабақтары, табиғатта өмір сүру дағдыларын үйрететін танымдық іс-шаралар, дәстүрлі қолөнер жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар көрмесі, балаларға арналған ойындар мен квесттер ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – келушілерді табиғаттың әсемдігімен таныстырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға шақыру.

«Алтын-Емел – құландар мекені» фестивалі табиғат, тарих, мәдениет және спортты бір арнаға тоғыстырып, Жетісу өңірінің туристік әлеуетін танытатын маңызды іс-шаралардың бірі болмақ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау