$ 479.82
 559.9
 6.15

Алматы облысында жасөспірім жетім қыз өзін сегіз жігіт зорлағанын айтып, көмек сұрады

Редактор
10.04.2026, 11:21
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот
Қыздың заңды өкілі, ағасы күдіктілердің туыстары бұл жайтты жылы жауып, қоя салмақ болған.

Алматы облысында сегіз жігіт кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген. Олардың үлкен 26 жаста болса, кішісі 16-да, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Мектеп оқушысы ең алдымен 26 жастағы ауылдасы зорлағанын, кездесуге де қысым көрсетілгеннен кейін шыққанын айтады.

"Ол кезде ол ішімдік ішіп келіп алған. Сосын мен машинаның артына отырдым. Сол кезде маған тиісіп бастады. Ернімнен сүйді, мойнымнан иіскеді. Санымнан ұстады. Мен оған қарсылық білдірдім. Машинаның есігін ашып жатқан кезде қолымды қайырды. Еркімнен тыс жыныстық қатынас жасады", - деді жәбірленуші қыз.

Ал қыздың заңды өкілі, ағасы күдіктілердің туыстары бұл жайтты жылы жауып, қоя салмақ болған.

"Қыз "көке осындай жағдай болды, мен сізге айта алмаймын, қалай айтам" деп өкіріп жылайды. Қашан, кіммен түсінбеймін? Директорге бардым. Жігіттердің арасында екі мұғалімнің баласы бар. Сол жерде қылмысты жасырмақшы болған. Туыстары үйге жиналып келіп, "қоя салайық, ұят болады" дейді, олардың айтуынша, қыздың өзі кінәлі боп қалады", - дейді жәбірленушінің заңды өкілі, ағасы Мұхтар Мәлібек.

Айта кетейік, арыз құқық қорғау органдарына 16 наурызда жазылған. Алайда сегіз күдіктінің ешқайсысы қамауға алынбаған.

Алматы облысының полиция қызметкерлері он алты жасқа толмаған белгілі тұлғамен жыныстық қатынас жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

"Жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру іс-шаралары аясында оқиғаға қатысы бар тұлғалар шеңбері анықталуда, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Оқиғаны жан-жақты, толық әрі объективті тергеп-тексеруді қамтамасыз ету мақсатында тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", -  деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.