Шоу-бизнес әлемі

«Әке-шешемді «аға-жеңге» дедім»: Өмірқұл Айниязов жан сырын ақтарды

16:51, 18 желтоқсан 2025 21

Qazaqstan ұлттық телеарнасының Tansholpan бағдарламасында қонақ болған әнші Өмірқұл Айниязов отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесіне қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Бағдарлама барысында ол баласын ата-әжесінің қолына табыстағанын, алайда бұл шешімге қатысты өз ұстанымы барын жасырмады. Өнер иесі өзі де бала күнінде ата-әже тәрбиесін көргенін айтып өтті. Айтуынша, бастауыш сыныпты аяқтағанға дейін ата-әжесінің жанында өсіп, кейін ғана ата-анасының қолына барған.

«Екі жаққа да еркелеп өстім. Бірақ бір ерекшелігі өз әке-шешемді “аға, жеңге” деп атадым. Сол сезімнің қандай екенін ішім жақсы біледі. Сондықтан өз баламды ата-анама бергенде бір-ақ талап қойдым. Ол мені әкесі ретінде тануы керек. Мен келгенде “әке” деп алдымнан шығуы тиіс», — деді әнші.

Өмірқұл Айниязовтың бұл ойы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Бірқатар оқырман оның сөзінен бала кездегі ішкі сағыныш пен психологиялық әсерді аңғарғанын жазса, енді біреулері ата-әже тәрбиесінің оң қырларын атап өтті.

«Травма деген осы. Өз ата-анасын іздеу, сағыну», «Бұрынғы заман солай болды, қазір бәрі басқаша», «Ата-әже тәрбиесі баланы көпшіл, мейірімді етеді», «Қазіргі “травма” дегенді қолдан шығарып алғандаймыз», — деп пікір қалдырды желі қолданушылары.

Жалпы көпшілік әншінің көзқарасына түсіністікпен қарап, баланың кімнің қолында өскеніне қарамастан, әке мен шешенің орны мен рөлін анық сезінуі аса маңызды екенін атап өтті.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз