Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Академиялық және зерттеу артықшылығы орталығы (АЗАО) өз жұмысын бастады. Бұл бастама оқу орнын Батыс Қазақстандағы жетекші ғылыми-білім беру хабына айналдыруға бағытталған маңызды қадам саналады.
Жаңа орталық университеттің ғылыми әлеуетін жүйелеп, заманауи зертханалар мен зерттеу платформаларын, сондай-ақ Инновациялық технологиялар паркін бір экожүйеге біріктіреді. Мұндай тәсіл ғылым, білім және инновацияны қатар дамытуға мүмкіндік береді. Орталық жетекшісі, металлургия саласы бойынша PhD докторы, қауымдастырылған профессор Ербол Шабановтың айтуынша, бұл бастама университеттің ғылыми бағытын түбегейлі жаңа деңгейге көтеруге арналған.
«Академиялық және зерттеу артықшылығы орталығы тек зертханалар жиынтығы емес. Бұл – ғылым мен өндірісті, білім мен инновацияны біріктіретін толыққанды экожүйе. Біздің басты мақсатымыз – ғылыми әзірлемелерді нақты секторға енгізу және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосу», – деді ол.
АЗАО аясында «Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарта отырып, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы бюджеті шамамен 3 млрд теңгені құрайтын бұл бағдарлама ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізуді және экологиялық мәселелерді шешуді көздейді.
Орталық құрамында үш негізгі зертхана жұмыс істейді. «Материалдарды металлургиялық қайта өңдеу» зертханасы жергілікті шикізатты тиімді игеруге бағытталған толық циклді ғылыми-технологиялық кешен ретінде құрылған. Мұнда материалдарды дайындау, байыту, термиялық және металлургиялық өңдеу, сондай-ақ кешенді талдау жүргізуге мүмкіндік бар. Орталық жетекшісі бұл зертхананың ерекшелігіне тоқталып, оның өңірлік өнеркәсіп үшін маңызын атап өтті.
«Бұл зертхана шикізатты бастапқы өңдеуден бастап дайын өнімге дейін жеткізетін толық циклді жүйемен жабдықталған. Мұндай кешен өңірлік ресурстарды тиімді пайдаланып, өндірістік шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді», – деді Ербол Шабанов.
Ал «Материалтану» зертханасында құрылыс, машина жасау, аэроғарыш, электроника және медицина салаларына арналған жаңа материалдар әзірленіп, олардың қасиеттері жан-жақты зерттеледі. Заманауи құрал-жабдықтар материалдардың құрылымдық, химиялық және термиялық сипаттарын талдауға жағдай жасайды. Жаңа материалдарға деген сұраныстың артып отырғанын айтқан орталық жетекшісі бұл бағыттың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
«Қазіргі таңда жаңа материалдарға сұраныс артып отыр. Біз осы зертхана арқылы жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті материалдарды әзірлеуге және олардың қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік аламыз», – деді ол.
«Химия және экология» зертханасы техногендік қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жаратуға арналған инновациялық шешімдер әзірлеуге бағытталған. Сонымен қатар бұл алаң студенттердің ғылыми құзыреттерін дамытуға және салалық мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл зертхананың экологиялық мәселелерді шешудегі рөліне тоқталған Ербол Шабанов оның практикалық маңызын атап өтті.
«Бұл зертхана өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге нақты үлес қосады. Біз техногендік қалдықтарды қайта өңдеудің тиімді жолдарын ұсынып қана қоймай, оны өндірісте қолдануға бағыттаймыз», – деді ол.
Халықаралық ынтымақтастық та жобаның маңызды бағытына айналған. Бағдарлама аясында әлемдік жетекші компаниялардың заманауи зертханалық жабдықтары сатып алынған. Жоба «Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты» және «QazMagnoChromite» компаниясымен бірлескен консорциум арқылы жүзеге асырылуда. Ғылыми топ құрамында 48 маман бар, олардың қатарында шетелдік және жас ғалымдар да бар. Орталықтың ашылуы білім беру процесіне де өзгеріс әкелуде. Енді басты назар теориялық білім беруден гөрі зерттеушілік дағдыларды дамытуға, деректерді талдауға және инновациялық шешімдер ұсынуға аударылады. Білім беру моделіндегі өзгерістерге тоқталған орталық жетекшісі студенттердің жаңа рөлін жеткізді.
«Біз студенттерді тек білім алушы ретінде емес, зерттеуші ретінде қалыптастыруды көздейміз. Университет қабырғасында жүргеннен бастап олар нақты ғылыми жобаларға қатысып, тәжірибе жинақтайды», – деді Ербол Шабанов.
Қазіргі таңда орталық алғашқы нәтижелерін де көрсете бастады. Scopus базасында индекстелген 11 ғылыми мақала жарияланып, КОКСНВО ұсынған басылымдарда 20 еңбек жарық көрген. Бұдан бөлек, бірқатар әзірлемелерге патенттер алынып, кейбір жобалар сараптама кезеңінде тұр. АЗАО ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталған стартаптарды қолдауды да басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Бұл бағытта жаңа технологиялар мен өнімдерді енгізу, сыртқы қаржыландыру тарту және өнеркәсіппен байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде.
Ғылым мен өндірісті ұштастырудың маңызын атап өткен Ербол Шабанов бұл бағыттың өңір экономикасына әсеріне тоқталды. «Біздің мақсат – ғылымды тек теория деңгейінде қалдырмай, оны нақты бизнес пен өндірісте қолдану. Сол арқылы өңір экономикасының дамуына серпін беру», – деді ол.