Ақтөбеде беташар кезінде бума-бума ақша санап тұрған видеосы тараған қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оған сөгіс жарияланды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған оқиға депутаттық әдеп жөніндегі комиссияның қарауына жіберілген. Комиссия отырысы 20 сәуірде өтіп, нәтижесінде депутатқа тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды.
Мәслихат төрайымы Анар Даржанованың айтуынша, Instagram желісінде жарияланған бейнематериалдар жан-жақты қаралып, комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен Қайырғалиевке сөгіс берілген.
Өз кезегінде Аслан Қайырғалиев бұл жақын досының тойы болғанын түсіндірді. Оның сөзінше, 4 миллион теңгені достары бірігіп жинаған, ал өзі күйеу жолдас ретінде сыйлықты табыстаған.
Сондай-ақ депутат ақшаны көпшілік алдында санауы орынсыз көрінгенін мойындады.
«Қазір ғана түсініп отырмын, ол сәт әдепсіз көрінді. Мақтану ойымда болған жоқ, тек эмоцияның әсері еді», – деді ол.