Өзбекстан үкіметі өткен жылы қабылданған қаулыны бекітті. Енді оған сәйкес, үйлену тойына 200-ден артық қонақ шақыруға болмайды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Lex.uz порталына сілтеме жасап.
Құжатта көрсетілгендей, тойға шақырылатын қонақтар саны 200 адамнан, ал дәстүрлі палау дастарханына шақырылатындар 250 адамнан аспауы тиіс. Егер қосарланған үйлену тойы немесе екі палау ас беру рәсімі өтсе, онда ең көбі тиісінше 250 және 300 қонаққа рұқсат етіледі.
Сондай-ақ қаулыда шамадан тыс шығынға әкелетін әдет-ғұрыптарға тыйым салынған. Мысалы, ақша мен мата тарату дәстүрі көптеген отбасыларға ауыр салмақ түсіріп келген.
Үкіметтің бұл шектеулерді енгізудегі басты мақсаты – қонақтар санын қадағалау емес, халықты орынсыз қаржылық шығындардан қорғау екені айтылған. Агенттіктің мәліметінше, мұндай мәселе республика тұрғындары үшін бұрыннан өзекті болып отыр.
Сонымен қатар құжатта бұл шешім «Рационалды тұтыну» бағдарламасы аясында қабылданғаны атап өтілген. Бағдарлама іс-шараларды қатаң бақылауға алып, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, бес жыл бұрын Өзбекстан парламенті үйлену тойындағы қонақтар санын шектеу жөнінде қаулы қабылдаған еді. Алайда жергілікті журналистердің айтуынша, ол ережелер іс жүзінде сақталмаған.
 
         
         
                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                    