Тоғызқұмалақты дамыту жолында Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Серіктестік шеңберінде Академияда тоғызқұмалақпен байланысты мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары қолдау табады. Атап айтқанда, жаттықтырушылық қызмет, спорттық оңалту, үстел спорт түрлері бойынша педагог-жаттықтырушыларды дайындау көзделіп отыр.
Бұл серіктестіктің басты мақсаты — тоғызқұмалақты жан-жақты дамыту, әрі оның тарихи-мәдени құндылығын насихаттау.
Құжатқа Академия ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов қол қойды.
Келісім аясында тараптар келесі бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істемек:
- тоғызқұмалақ спорты бойынша кадрлар даярлау және резерв қалыптастыру;
- кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;
- бірлескен ғылыми, әдістемелік және білім беру жобаларын іске асыру;
- волонтерлік қозғалысты дамыту және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу;
- спорттық білім беру саласында инновацияларды енгізу.
Бұл ынтымақтастық – тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі дамуына, ғылыми зерттеулердің тереңдеуіне және отандық спорт кадрларының кәсіби біліктілігінің артуына жол ашады деген үміт бар.