Президент өзінің Жолдауларында жасанды интеллектіні (AI) стратегиялық басымдық ретінде белгілеп келеді. Бұл кездейсоқ емес. Бүгінде әлем елдері AI-ды жаңа экономикалық өсімнің, ғылыми прогрестің және мемлекеттік басқарудың негізгі тетігі ретінде қарастырып отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, цифрлық трансформацияға бағытталған бастамаларын күшейтуде. Соның бір көрінісі – жыл сайын өтетін халықаралық Digital Bridge форумы, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Бүгінде медицина саласында AI рентген мен МРТ нәтижесін талдап, ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстанда телемедицина мен «ақылды» диагностика жүйелерінің енгізілуі шалғай өңірлердегі медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етуде.

Жасанды интеллекттің ықпалы мұнымен шектелмейді. Білім беру саласында ол әр оқушының қабілетіне бейімделген оқу бағдарламасын ұсынып, мұғалімнің жұмысын жеңілдетсе, қаржы секторында күрделі талдауларды санаулы секундта орындайды. Логистикада тасымал бағыттарын оңтайландырып, қойма жұмысын автоматтандыру арқылы шығынды азайтады. Демек, AI жеке салалардың ғана емес, тұтас экономиканың тиімділігін арттыратын құралға айналып келеді.
Дегенмен кез келген технологиялық серпіліс сияқты оның да екі қыры бар. Бір жағынан, өнімділікті арттырып, жаңа нарықтар қалыптастырса, екінші жағынан еңбек нарығына, дербес деректердің қауіпсіздігіне және құқықтық жауапкершілікке қатысты жаңа сын-қатерлер туғызады. Сондықтан AI төңірегіндегі басты мәселе технологияның өзінде емес, оны қалай қолданатынымызда.
Бұл туралы БАӘ-нің жасанды интеллект жөніндегі министрі Омар Аль-Олама да ерекше тоқталған.
«Жасанды интеллект қоғамға пайда әкелуі үшін оған сенім қалыптастыру қажет. Бұл – тек технология емес, адамдардың қауіпсіздігі мен болашағы туралы мәселе», – дейді ол.
Сондықтан әлем елдері AI-ды құқықтық тұрғыдан реттеуге көшті. Еуропалық одақ 2024 жылы Жасанды интеллект туралы заңды (AI Act) қабылдап, жоғары тәуекелді технологияларға нақты талаптар белгіледі. Қазақстанда да осы бағыттағы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл – жасанды интеллектіні дамыту ғана емес, оны жауапкершілікпен қолданудың да қажеттігін көрсетеді.
Алдағы өзгерістердің ауқымын футуролог Кай-Фу Ли де дәл сипаттап:
«Жасанды интеллект миллиондаған жұмысты өзгертеді, бірақ миллиардтаған жаңа мүмкіндік туғызады. Ең бастысы – оған қарсы тұру емес, бейімделу», – деп жазады ол AI 2041 кітабында.
Шынында, тарихтағы әрбір технологиялық революция еңбек нарығын өзгертті. AI да көптеген мамандықтардың мазмұнын жаңартып, жаңа кәсіптердің пайда болуына жол ашады. Сондықтан бүгінгі басты міндет – адамдарды жаңа дағдыларға үйрету және цифрлық экономика талаптарына бейімдеу.
Қазақстан үшін бұл үдеріс ерекше маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 форумында:
«Жасанды интеллект біздің дамуымыздың тежегіші емес, драйвері болуы керек. Қазақ тіліндегі AI шешімдері – ұлттық қауіпсіздік пен цифрлық тәуелсіздіктің кепілі», – деген болатын.
Президенттің қазақ тіліндегі AI жүйелеріне ерекше мән беруінің өзіндік себебі бар. Бүгінде әлемдік платформалардың басым бөлігі ағылшын тіліндегі деректерге сүйенеді. Егер қазақ тілі технологиялық кеңістікте жеткілікті деңгейде қолданылмаса, цифрлық тәуелділік күшеюі мүмкін. Сондықтан ана тілімізге бейімделген AI жүйелерін дамыту – инновациялық жоба ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Бұл бағытта Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі маңызды рөл атқарып келеді. Мұнда жасанды интеллект, финтех, медтех, агротех, GovTech және EdTech бағытындағы мыңнан астам жоба дамуда. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның AI саласында өңірлік көшбасшы болуы үшін үш шарт шешуші: білікті кадр даярлау, инновациялық экожүйені нығайту және халықаралық технологиялық әріптестікті кеңейту.
Digital Bridge форумы осы мақсаттарды талқылайтын маңызды алаңға айналып отыр. Өйткені жасанды интеллект – уақытша тренд емес, жаңа технологиялық дәуірдің негізі. Қазақстанның алдында тұрған міндет – бұл өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, белсенді қатысушысы әрі өз технологияларын әзірлейтін елге айналу. XXI ғасырдағы бәсекелестік дәл осы қабілетпен өлшенеді.