Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабындағы жаңа кезеңнің жақын арада басталатынын меңзеп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
«Өткен өтті. Мен өткенмен өмір сүрмеймін. Менің бокс тарихым жақын арада бұрынғыдан да қызықты болмақ. Байланыста болыңыздар», – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі уақытта жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы допинг-сынамасынан мельдоний анықталғаннан кейін уақытша жарыстардан шеттетілген. Осыған байланысты оның WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпей қалды. Әлімханұлының командасы тыйым салынған препарат спортшының ағзасына шұғыл медициналық ем қабылдау кезінде түскенін мәлімдеген.
2026 жылдың наурыз айында IBF ұйымы міндетті чемпиондық қорғауды өткізе алмағаны үшін Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырды. Ал WBO ұйымы қазақстандықтың чемпиондық атағын сақтап қалып, оның жарыстардан шеттетілу мерзімін 2026 жылдың желтоқсанына дейін белгіледі.
Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. Оның кәсіпқой бокстағы рекорды – 17 жеңіс (оның 12-сі мерзімінен бұрын аяқталған), бірде-бір жеңілісі жоқ.