Алматы облысының Қаскелең қаласында жаңа туған үшемнің шетінеуіне байланысты олардың туыстары дәрігерлердің әрекетіне күмән келтіріп отыр. Отбасы жүктіліктің 25-аптасында перзентханаға жеткізілген әйелге кесір тілігі жасалмай, табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылданғанын айтып, осы жағдайдың салдары ауыр болғанын алға тартады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Туыстарының айтуынша, Айдана есімді жүкті әйел өткен жұма күні Қаскелеңдегі перзентханаға жеткізілген. Отбасы мүшелері дәрігерлерден оны жоғары деңгейдегі медициналық мекемеге ауыстыруды немесе кесір тілігін жасауды сұрағанымен, дәрігерлер табиғи жолмен босандыруды таңдаған.
Шетінеп кеткен сәбилердің әжесі Гүлжәмила Төлешова дәрігерлердің әрекетіне наразылық білдіріп отыр.
«Менің ашуымды тудырған нәрсе – баланы беріп тұрып, үшінші баланы жасырып қалған. Не үшін, не себепті жасырды? Неге бізге бар шындықты айтпайды?», – деді ол.
Отбасының айтуынша, дәрігерлер бастапқыда екі нәрестенің шетінеп кеткенін айтып, үшінші сәби туралы бірден хабарламаған. Кейін оның да көз жұмғаны белгілі болған. Сондай-ақ олар жүктілік бес айға дейін қалыпты өткенін, ана қажетті ем-домды толық қабылдағанын алға тартады.
Жақындары сәбилердің нақты неден шетінегені жөнінде өздеріне толық ақпарат берілмегенін айтып, мәйіттерге эксгумация жүргізуді және оқиғаның жан-жақты тексерілуін талап етіп отыр. Олардың пікірінше, көпұрықты жүктілікке байланысты әйелге жоспарлы түрде кесір тілігі жасалуы қажет болған.
Ал Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының мәліметінше, әйел жүктіліктің 25-аптасында ауыр жағдайда түскендіктен, оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмаған. Дәрігерлердің айтуынша, дүниеге келген үш нәрестенің әрқайсысының салмағы шамамен 500 грамм болған. Мұндай салмақпен туған сәбилердің өмірлік маңызды ағзалары толық қалыптасып үлгермейді.
Медициналық мекеме қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты ішкі аудит жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Алматы облысы полициясы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Үшемінен айырылған 28 жастағы ана қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл оның үшінші жүктілігі болған. Отбасында бұған дейін екі бала тәрбиеленіп келеді. Марқұм сәбилердің жақындары тергеудің әділ жүргізіліп, кінәлі тұлғалар анықталған жағдайда заң аясында жауапқа тартылуын талап етеді.
Айта кетейік, оқиғаның мән-жай туралы КТК телеарнасы ақпарат таратты.