Аймақ

Шымкентте университет басшылығы аса ірі көлемде ақша жымқырған

10:45, 19 мамыр 2025 279

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Күдіктілер қатарында ректордың міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары бар.

Тергеу нәтижесінде университет қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуге қатысты жалпы сомасы 256 млн теңгені құрайтын жалған келісімшарттар жасағаны анықталды.

Аталған жұмыстар іс жүзінде орындалмаған. Бюджет қаржысы жалған актілер негізінде байланысы бар компаниялардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған, – делінген хабарламада.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерге күдіктілер 6 қымбат көлік (Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 және тағы басқасы) пен Шымкент қаласының орталығынан құны 254 млн теңге болатын элиталық коттедж сатып алған. Оларға сот санкциясымен тыйым салынды.

4 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз