Семейде бір күнде екі кішкентай бала терезеден құлап кетті. Олардың бірі көз жұмса, екіншісі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында кішкентай балалардың терезеден құлауына байланысты екі қайғылы оқиға тіркелген.
Алғашқы жағдайда екі жасар бала алтыншы қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Ол алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Екінші жағдайда үш жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлаған. Ол ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Осы қайғылы оқиғалардан кейін Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Кешкі уақытта полицейлер тұрғын үйлерді аралап, дауыс зорайтқыш арқылы тұрғындарды кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, әсіресе терезесі ашық бөлмелерде ерекше сақ болуға шақырды.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары масаға қарсы торлардың қауіпсіздікке кепіл болмайтынын ескертті. Олар баланың салмағын көтере алмайды және құлаудан қорғамайды.
Полицейлер ата-аналар мен заңды өкілдерді қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды:
кішкентай балаларды ешқашан қараусыз қалдырмау;
баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһазды терезенің жанына қоймау;
терезелерге арнайы бекіткіштер немесе ашылуын шектейтін құрылғылар орнату;
бірнеше секундқа ғана назардан тыс қалдырудың өзі орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін есте сақтау.