Президент Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін айтты.
Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар.
"Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі елдің инвестициялық ықпалдастығы да ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
"Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар", - деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың бірқатар басым бағыттары жайында да айтты.
"Биыл "Достық – Мойынты" темір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін "Қытай – Еуропа" транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысып жатыр", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев сөйлеген сөзінде энергетика саласындағы ықпалдастықты келесі басымдық ретінде атады. Ол Қытайдың жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдайтынын жеткізді.