Танымал актриса Айгүл Иманбаева орамал тағу себебі мен діни ағымға қалай тап болғанын алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесінің сөзінше, ол орамалды әрдайым ерекше құрметтейді. Себебі халық оны дәл сол образ арқылы танып, жақсы көрген.
«Мені қазаққа танытқан да, халықтың ықыласына бөлеген де – басымдағы орамал. "Ұят болмасын" бағдарламасында келін Айгүл болып танылдым. Халықтың батасын алдым», – деді ол.
Алайда актриса орамал тағу кезеңі өміріндегі күрделі уақытпен тұспа-тұс келгенін жасырмады. Оның айтуынша, 2000 жылдары Қазақстанға түрлі діни ағымдар көптеп кірген.
«Мен сол кезде бір ағымның ішінде болдым. Кейін оның топ екенін түсіндім. Ұстаздардың ықпалымен ол ортадан шықтым», – деді өнер иесі.
Сондай-ақ ол дінді терең түсініп, жүрекпен қабылдамай тұрып орамал тағудың өзіндік салмағы бар екенін айтты.
«Исламға деген үлкен махаббатпен, құрметпен тағылған орамалдың қадірі бөлек. Ал мен ол кезде өзімді де, дінді де толық танымаған едім. Бірақ түптің түбінде менің орамалға келерім анық», – деп ағынан жарылды.