Аймақ

Науқастарды зорлаған: Шымкентте психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері сотталды

17:31, 10 маусым 2025 54

Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz

Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Жабық режимде өткен сот процесінде екі санитар-бақылаушының кәмелетке толмаған науқасты зорлау дерегі бойынша кінәлі екендігі анықталды.

Іс құжаттарына сәйкес, 2024 жылы мекеменің екі қызметкері әйелдерге арналған №3 бөлімшеде ем қабылдап жатқан, ақыл-есі кем кәмелетке толмаған жасөспірімді және тағы бір науқасты бірнеше рет зорлаған. 

Сот үкімі бойынша олардың әрқайсысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олар педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Жәбірленушілердің моральдық зиянын өтеу мақсатында әрқайсысының пайдасына 10 миллион теңгеден өндірілді. 

Сот отырысында айыпталушылардың қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың асырауында кәмелетке толмаған балаларының бар екені ескерілді. Алайда, қылмысты ауырлататын ешбір жағдай анықталған жоқ, – делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз