Әнші Ердос Қанаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталыққа барып, концерт қойғанын хабарлады, деп жазады bairaqmedia.kz.
Өнер иесі бұл сапарының басты мақсаты — ерекше жандарды қуанту екенін атап өтті.
«Осы жандарды қуанту үшін келген едім. Жәй, бір сәтке тоқтаңызшы. Мына қым-қуыт арпалысқан тіршілік тек өзін қуалаумен уақытымызды ұрлап жатқан жоқ па? Кейде өзге жанның бір сәтке шынайы қуанғаны, саған алғысын айтқаны жаныңа мың жылдық рахат сыйлағандай», – деп жазды ол.
Сондай-ақ әнші бұл жерге Алла разылығы үшін келетінін айтып, мұндай игі істің адамға тәубе мен шүкір сезімін сыйлайтынын жеткізді.
«Бұл жерге Алла разылығы үшін келесің, қоржыныңа тәубе мен шүкірді толтырып қайтасың. Келіңіздер. Рас айтам!» – деді Ердос Қанаев.