Әлемге танымал киберспортшы Данил «Molodoy» Голубенко Халықаралық волонтерлер жылының жаһандық амбассадоры атанды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
2026 жыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды.
Киберспортшының бұл бастамаға қосылуы әлем жастары арасында волонтерлік мәдениет пен құндылықтарды ілгерілетуге тың серпін береді.
Айта кетейік, 20 жастағы Данил – Семей қаласының тумасы. Бала кезінен спортқа қызығып, футбол және каратэмен айналысқан. Ал компьютерге деген қызығушылығы ата-анасының сыйлаған ноутбугі арқылы басталған. Алғашында ол Crossfire ойынын ойнаған, кейін CS:GO әлеміне кіріп, кәсіби ойыншыға айналған.