$ 485.95
 565.74
 6.83

Қызылорда командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды

Редактор
01.06.2026, 21:38
Қызылорда облысы әкімдігі
Қызылорда облысы әкімдігі
 Сонымен қатар екі оқушы жоғары оқу орындарының білім грантын иеленді. 

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарымен, сондай-ақ олардың жетекші ұстаздарымен кездесті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Кездесу барысында өңір басшысы Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамытуға бағытталған бастамаларының арқасында облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Расында, дарынға ие болу – бақыт. Бірақ еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашып, оны толық пайдалана білу қажет. Әрбір жеңіс пен әрбір медаль тынымсыз ізденіс пен үздіксіз дайындықтың нәтижесі», – деген болатын.

Халқымыз «Білім – таусылмайтын кен» деп бекер айтпаған. Қай кезеңде де елдің еңсесін көтеріп, болашағын баянды ететін күш – білімді ұрпақ. Сыр өңірінің ғана емес, тұтас Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген өздеріңіздей талапты да талантты жастармен кездесудің маңызы зор, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Биыл Қызылорда облысының оқушылары халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 29 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанса, 143 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында үздік нәтиже көрсетті.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысында Қызылорда облысының құрамасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар екі оқушы жоғары оқу орындарының білім грантын иеленді.

Салтанатты жиында халықаралық және республикалық білім сайыстарында оқушыларды биік белестерге жетелеген 30 жетекші ұстаз облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, шипажайға жолдама алды.

Сондай-ақ халықаралық және республикалық білім бәсекелерінде үздік нәтиже көрсеткен 36 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен планшет табысталды.

Кездесу барысында оқушылар мен ұстаздар өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, білім беру саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен Қызылорда облысында 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде білім беру саласында 46 жаңа нысан іске қосылды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Бүгінде Оқушылар сарайы, «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға қызмет етіп келеді.

Жақында жаңа балалар тынығу лагері пайдалануға беріліп, алғашқы демалушыларын қабылдады. Ал бүгін Президент саябағындағы Ботаникалық білім беру орталығы ел игілігіне табысталды.

Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту, дарынды балаларды қолдау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.