Қоғам

Діни экстремизмнің бастауы – діни сауатсыздық - теолог

16:17, 04 қыркүйек 2025 26

Дін дегеніміз осы екен деп, көсемдерінің сөзіне иланған жастардың ақ пен қарасын ажыратып жатпастан, соқыр сеніммен адасуларының бір ұшы осы білімсіздікте жатыр. Түркістан облысы Дін істері басқармасына қарасты "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" теолог маманы Ілияс Нағызхан осылай мәлімдеді, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Оның айтуынша, қазіргі замандағы адамдардың ең әлсіз тұсы - білімсіздік пен ғылым үйренуге деген құлшыныстың жоқтығы. 

«Өзің білме, білгеннің тілін алма»,- деген сөзді қазақ халқы қарғыстың ең ауыры деп те жатады. Сол бір сауатсыздықтың арқасында қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы да, өздерінің түйсігі қатаймаған жасөспірімдерді жат ағымның жолына оңай бұрмалап алуда. Жалпы діни экстермизмнің еліміздің қай аймағында болмасын таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарын атап өтуге болады. Солардың ішінде ең алдымен бұл - діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр, - деді Ілияс Нағызхан.

Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке алып келеді. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттарына айналады деп атап өтті теолог.

Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішіті салдары орын алады. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес, - деп атап өтті Ілияс Нағызхан.

Маманның айтуынша, діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры дейді теолог. Айтуынша, тарихымызға үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ деп атап өтті. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз