Танымал актриса Дариға Бадықова экс-күйеуінен сұхбат алған журналисті сотқа беріп, талап арызы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бұл туралы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың заңды өкілі, заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Сот материалдарына сәйкес, актриса 2025 жылғы 4 қазанда YouTube платформасында жарияланған сұхбатты шындыққа сәйкес келмейді деп тануды, видеоны өшіруді, айтылған сөздер үшін жария түрде кешірім сұратуды, сондай-ақ 1 миллион теңге көлемінде моральдық зиян, 2,5 миллион теңге заңгерлік шығын және 802 128 теңге сараптама ақысын өндіріп беруді талап еткен.
Осылайша, талап-арыздың жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асқан.
Сонымен қатар, актриса журналист пен өзінің бұрынғы жұбайын жауапкер ретінде көрсету туралы өтініш білдірген.
Алайда сот бұл талаптардың барлығын қанағаттандырусыз қалдырды.
Айта кетейік, бұл істе журналист Нұрсейіт Жылқышыбай экс-күйеуінен алынған сұхбатты өз арнасында жариялаған болатын. Сот барысында тараптардың уәждері жан-жақты қаралып, шешім қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылданған.
Аталған іс қоғамда кең резонанс тудырып, сөз бостандығы, журналистік еркіндік және жеке өмір шекарасы тақырыптары төңірегінде қызу талқыланды.