Әнші Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Түркістан қаласына көшіп келгенін айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Өнер иесі жаңа қонысқа көшу жай ғана мекен ауыстыру емес, саналы әрі жүрекпен қабылданған шешім екенін атап өтті.
Оның сөзінше, Түркістан – тарихы терең, рухани маңызы зор қасиетті шаһар.
Әнші жазбасында бұл қалада әрбір көше мен әрбір тас өткеннің шежіресін сақтап тұрғанын, ал өткен мен болашақтың өзара сабақтасып жатқанын жеткізді.
«Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан тек киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Түркістанға балалардың тамырын сезініп өсуі үшін қоныстанғанын айтты. Өнер иесі бұл қалаға қонақ ретінде емес, елмен бірге еңбек етіп, ортақ болашақты құру үшін келгенін атап өтті.
«Біз бұл қалаға қонақ болып келген жоқпыз. Біз – бірге еңбек етуге, бірге өркендеуге, бірге тарих жазуға келдік», – деді әнші.