Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен «Жаңа прогрессивті Конституция – біздің бірлігіміздің негізі: білім, ғылым, инновациялар, мәдениет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ғылыми қауымдастық өкілдері, сарапшылар, қоғамдық ұйым мүшелері мен жастар қатысып, Жаңа Конституция жобасының ел дамуына ықпалы талқыланды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Кездесу барысында қатысушылар конституциялық реформалардың мәні мен маңызын, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады.

Жиынды ашқан Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Ата заңның қоғам сұранысына жауап беріп, уақыт талабына сай жаңарып отыруының маңызын атап өтті.
«Мемлекет те, қоғам да үнемі даму үстінде. Жаңа тарихи жағдайлар, жаһандық өзгерістер мен экономикалық трансформациялар ел басқарудың жаңа тәсілдерін талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, жаңа Конституция технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Бұл отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді», – деді Дархан Сатыбалды.
Қала әкімінің айтуынша, конституциялық өзгерістер құқықтық нормаларды жетілдірумен қатар, азаматтардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде мемлекет азаматтармен өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық моделін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Бұл үдерісте қоғамдық диалог, сараптамалық бағалау және кәсіби қауымдастықтың белсенді ұстанымы ерекше рөл атқарады», – деді қала әкімі.

Дархан Сатыбалды Алматыда конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда кездесулер ұйымдастырылып, жастармен, үкіметтік емес ұйымдармен және қала тұрғындарымен тұрақты диалог алаңдары жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар медиа кеңістікте түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Жаңа Конституция жобасы ғылым мен технология саласының дамуына тың серпін беретінін айтты.
«Жаңа технологияларды енгізу және зияткерлік әлеуетті нығайту мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды», – деді ол.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов конституциялық өзгерістердің мәдениет пен руханият саласын дамыту үшін де маңызды екенін атап өтті.

Жастар атынан сөз сөйлеген «G-35» студенттік көшбасшылар бірлестігінің үйлестірушісі Мәриям Дуанбек Жаңа Конституция жобасы жастарға білім алу, ғылыммен айналысу және өзін-өзі дамыту бағытында жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Жиын қорытындысында қатысушылар конституциялық реформаларды қолдайтындарын білдіріп, Ата заңды жаңғырту қоғамдық диалогты дамытуға, құқықтық мемлекетті нығайтуға және елдің тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.