$ 469.59
 536.22
 5.96

Ақпарат министрі журналист Азамат Омаровтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Редактор
22.07.2026, 16:00
Видеодан алынған скриншот
Видеодан алынған скриншот
Журналистің ұсталғаны туралы ақпарат кеше тараған. 

Журналистің ұсталуына қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

«Өздеріңізге белгілі, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналисі Азамат Омаров Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұсталды. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде кейбір азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар Омаров «жоғары лауазымды шенеуніктерді әжуалағаны үшін» ұсталды деген ақпарат таратып жүр. Ең алдымен, елімізде сөз бостандығына кепілдік берілгенін, ал цензураға тыйым салынғанын ерекше атап өткім келеді. Сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды және ол үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген. Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік белгіленген. Менің түсінуімше, Азамат Омаров дәл осы бапта көзделген құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен ұсталған», – деп түсіндірді А. Балаева.

Сонымен қатар министр желі қолданушыларын алауыздықты қоздыратын ақпарат таратпауға шақырды.

«Егер таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайды. Меніңше, бұл мәселеде баршамызға ортақ жауапкершілік жүктеледі. Жаңа Конституцияда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілгенін білесіздер. Заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік азаматтардың қызмет саласына немесе кәсібіне қарамастан, барлығына бірдей қолданылады. Мұндай істер барынша аз болуы үшін әріптестерімізге заң талаптарын бұзудың тәуекелдері мен салдарын алдын ала түсіндіру қажет деп санаймын. Осыған байланысты құқық қорғаушыларды Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, тек алауыздықты қоздыруға қатысты нормаларды ғана емес, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу жөніндегі заң талаптарын да кеңінен түсіндіру жұмысына атсалысуға шақырамын», – деді министр.