Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты 80 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Ақорда жазды.
Мемлекет басшысы құттықтау жеделхатында қаламгердің отандық әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Табиғи талантыңыз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында шығармашылық жолыңызда ерен табысқа қол жеткіздіңіз. Ұзақ жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында жемісті еңбек етіп, «Казахстанская правда» газеті мен «Простор» журналын басқардыңыз. Адамгершілігі мол әрі өмірлік ұстанымдарынан айнымаған тұлға ретінде қаламгерлер арасында және қоғамда үлкен құрметке бөлендіңіз», – делінген жеделхатта.
Президент Валерий Михайловтың бірнеше буын оқырман қызыға оқитын шығармалары төл әдеби қазынамыздың бір бөлшегі ретінде лайықты бағасын алғанын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев отандық әдебиеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін Валерий Михайловты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.