$ 456.56
 530.52
 5.28

«24 күннен кейін оянды»: Бақытжан Базарбек Нұржігіттің қазіргі жағдайын айтты

Редактор
07.09.2026, 18:34
ФБ парақшадан
ФБ парақшадан
Ол қолдау білдіріп отырған барша азаматтарға алғысын жеткізді.

Жамбыл облысында жол апатынан ауыр жарақат алған Нұржігіт 24 күннен кейін комадан шықты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Бұл туралы экс-депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Базарбектің мәліметінше, Нұржігіт есін жиып, жақындарын — әйелі мен балаларын, аға-інілерін және туған-туыстарын танып отыр.

«24 күн. Нұржігіт комадан шықты, оянды. Есін кіргізіп, әйелі мен балаларын, аға-інілерін, туған-туыстарын танып отыр», — деп жазды Бақытжан Базарбек.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Нұржігітке Тараз қаласындағы анестезия және реанимация бөлімінің мамандары ем жүргізіп жатыр. Базарбек емдеу жұмысына реаниматолог Гамзат Мусин жетекшілік етіп отырғанын атап өтті.

«Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен жан-жақты, сапалы ем жасап, Нұржігітті аяғына тұрғызуда», — деді ол.

Бақытжан Базарбек сондай-ақ бұған дейінгі жағдайға қатысты түрлі ақпараттардың тарауына байланысты БАҚ өкілдерін мәліметті бұрмаламауға және расталмаған ақпаратты жарияламауға шақырды.

Ол Нұржігіттің денсаулығы үшін дұға тілеп, қолдау білдіріп отырған барша азаматтарға алғысын жеткізді.

Еске салайық, 15 тамызда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болып, 36 жастағы Нұржігіт ауыр жарақат алған. Ол бастапқыда аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, кейін Тараз қаласына ауыстырылған. Бұған дейін дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған. 

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау