Испания құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Алтын жүлде үшін өткен финалдық кездесу АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы MetLife Stadium стадионында өтті.
Финалда испандықтар Аргентина құрамасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің негізгі уақыты голсыз тең аяқталғандықтан, әлем чемпионының тағдыры қосымша екі таймда шешілді.
Шешуші сәт 106-минутта орын алды. Дәл осы сәтте Ферран Торрес жеңіс голын соқты.
Ал екінші қосымша таймға қосылған уақытта Энцо Фернандес қызыл қағаз алып, Аргентина құрамасы алаңда он ойыншымен қалды. Бұл олардың жағдайын едәуір қиындатты.
Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси матчты алғашқы минуттан бастап өткізгенімен, турнирдің шешуші ойынында нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады.
Осылайша, Испания құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионы атанып, 2010 жылдан бері алғаш рет бұл атақты қайтарып алды. Ал Аргентина 2022 жылғы әлем чемпионатында жеңіп алған чемпиондық титулын қорғай алмай, турнирді күміс жүлдемен аяқтады.
Еске салсақ, бір күн бұрын әлем чемпионатының қола жүлдесін Англия құрамасы жеңіп алған болатын. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Томас Тухельдің командасы Францияны 6:4 есебімен жеңді.