Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтегі брифинг кезінде азаматтардан жеке мәліметтердің таралуына қатысты өз пікірін білдірді. Оныңайтуынша, алаяқтардың әрекеттері бірден тоқтамайды, алайда нақты жұмыстар атқарылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ертең-ақ алаяқтардың қоңырауы тоқтайды деп нақты айта алмаймын. Бірақ 67 миллион қоңырау бұғатталып, олар азаматтарға хабарласа алмады», – деді премьер.
Бектенов 2022 жылғы деректердің таралғанын растады. Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр, қылмыстық іс қозғалған.
«Бүгінде тергеу органдары нақты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, деректер медициналық ұйымдар арқылы тарап кеткен болуы мүмкін. Олар мемлекеттік дерекқорға қол жеткізіп, оны сақтай алмауы ықтимал», – деді Бектенов.
Бектенов жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық және жедел шаралар қабылданатынын айтты. Мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізетін ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтілуі мүмкін.
«Бұл іс бойынша әзірге нақты қорытынды жоқ. Бірақ тергеу соңына дейін жеткізіліп, жауапты тұлғалар анықталады. Олар міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деп жауап берді.