Алматы облысы полиция департаментінің жедел қызметкерлері ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Ақши ауылында 1 сәуірде Қарасай ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотының аумағынан қашып кеткен күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, іздестіру шаралары басталған сәттен облыстың полициясы және Ұлттық ұлан күштері толық жұмылдырылған. Көршілес облыстардың аумақтық бөлімшелері де іздеу жұмыстарына тартылды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қашқынның қозғалу бағыты анықталып, полицейлер оның жасырынған жерін тапты. Арнайы бөлім сарбаздарының күшімен күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.
Негізгі қылмысынан бөлек, оған қамаудан қашқаны үшін Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қосымша айып тағылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін адам зорлады деп айыпталған ер адам Қаскелеңдегі Қарасай аудандық сотының ғимаратынан қашып кеткенін хабарлаған болатынбыз.