Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қызғалдақ жұлған азаматтарға салынатын айыппұлдың мөлшерін азайту керек деген оймен келісетінін жеткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, бұл жазаны мүлдем алып тастауға болмайды.
Қызғалдақ – Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік. Бұл ретте не қызғалдақты Қызыл кітаптан алып тасауымыз керек, не болмаса оның квалификациясын төмендетуіміз қажет. Басқаша айтқанда, бүгін ол кісі қызғалдақты жұлса, ертең басқа адам тағы жұлады. Мәселе қызғалдақта емес, мәселе азаматтардың құқықтық сауаты мен құқықтық мәдениетінде. Соны да көтеруіміз керек, – деді Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ, ол Еуропа елдерінде сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларға зиян тигізгендерге қомақты айыппұл көзделетінін атап өтті.
Әкімшілік құқықбұзушылық мәселелеріне қатысты жұмыс тобы аясында өз ұсыныстарымызды енгіземіз. Айыппұл көлемін азайтуға байланысты толық келісемін. Кішкене азайтуға болады, бірақ үзілді-кесілді азайтуға болмайды. Себебі, қызғалдақ – Қызыл кітапқа енген гүл. Оны да қорғауымыз керек, – деді депутат.
Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде сирек кездесетін Грейг қызғалдағын терген әйел бейнеленген видео тарап, полиция заңбұзушыны іздестіріп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Әйелге 12 миллион теңгеге тарта айыппұл салынуы мүмкін.