"Зоопарк емес". Сенатор Бишімбаевты неліктен көрсетпейтінін айтты
Тілшілер сенаторға «Қуандық Бишімбаевтың шынымен де жазасын өтеп жатқаны туралы фотосуреті немесе бейнематериалдар неге жарияланбады?» деген сұрақ қойды.
Сенатор Марат Қожаев сотталған Қуандық Бишімбаевтың жазасын өтеу тәртібін айтты. Тілшілер «Қуандық Бишімбаевтың шынымен де жазасын өтеп жатқаны туралы фотосуреті немесе бейнематериалдар неге жарияланбады?» деген сұрақ қойды, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бишімбаевтың қай жерде қамауда отырғаны құпия емес. Біздегі колониялар әртүрлі категорияларға бөлінген, яғни жеңілдетілген, орташа және қауіпсіздік деңгейі жоғары деп айқындалған. Ол кісі барынша жоғары қауіпсіздік талабы қарастырылған Степногордағы колонияда өз жазасын өтеп жатыр», - деді М. Қожаев.
Оның айтуынша, Қ. Бишімбаевтың қамауда отырған орнына қатысты дүрбелеңге тілшілердің тексерілмеген мәлімет таратып жіберуі себеп болды, егер сотты болған адам өзін көпшілікке көрсеткісі келмесе, оны ешкім мәжбүрлей алмайды.
«Тиісті колонияда жазасын өтеп жатқаны нақтыланды. Сотталған адамның құқығы бар ғой? Ол жер зоопарк емес. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері сол жерде Бишімбаев отыр деп экскурсия жасай алмайды», - деді сенатор.