Шығыс Қазақстанда биыл 13 рет орман өртенді
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері орманда 13 рет өрт шыққан.
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері орманда 13 рет өрт шыққан. ШҚО төтенше жағдайлар департаменті биылғы өрт қаупі жоғары кезеңді қорытындылады. Облыс бойынша орманда шыққан 13 өрттің жалпы аумағы 1,1 гектарды құраған, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сондай-ақ 228 гектар жерді шарпыған 13 дала өрті тіркелген, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Өрттердің басым бөлігі найзағайдан шықты. Тілсіз жаудың алдын алу және жедел ден қою мақсатында құтқарушылар, полицейлер, орманшылар және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған 52 мобильді топ жұмыс істеді. Бұл топтар 1 618 рейд өткізіп, заң талаптарын бұзған 61 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты», - дейді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауары өндірушілерімен және шаруа қожалықтарының басшыларымен 325 дөңгелек үстел өткізілді. Тұрғындарға 4 066 нұсқаулық беріліп, көшелерге 11 ақпараттық баннер орнатылды.