Сенаторлар Анастасия Щегорцованы Орталық сайлау комиссиясы мүшелігінен босатты
Оның орнына жаңа мүшесі Ләззат Сүйіндік тағайындалды
Оны лауазымынан босатуды Сенаттағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров ұсынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Комитет өз отырысында Сенат тағайындаған Орталық сайлау комиссиясы мүшесін қызметінен босатуға ұсынылған кандидатураны алдын ала талқылап, қорытынды шығарды. Сенат регламентінің 81-4 тармағы негізінде Сенатқа Анастасия Щегорцованы Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметінен босатуды ұсынады, деді ол.
Дауыс беру нәтижесінде депутаттар тиісті қаулыны қабылдады.
Жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Ләззат Сүйіндіктің кандидатурасын ұсынды.
Ләззат Кеңесқызы еңбек жолын Ақпарат министрлігінің бас сарапшысы лауазымынан бастап, кейін ақпарат комитетінің төрағасы, «Хабар агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Соңғы жылдары коммуникация саласында белсенді қызмет етті. Ләззат Кеңесқызының тәжірибесі мен біліктілігі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді деп сенемін, деді Мәулен Әшімбаев.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Ләззат Сүйіндік ОСК-ның жаңа мүшесі атанды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы жарлығымен Сәбила Мұстафина мен Константин Петров Орталық сайлау комиссиясы мүшелігінен босатылған еді.
Олардың орнына Азамат Айманакумов пен Михаил Бортник тағайындалды.