Павлодардағы республикалық тоғызқұмалақ турниріне 350-ден аса ойыншы жиналды.


Павлодардағы «Шахмат үйінде» өңірлік Saryarqa samaly газетінің жүлдесі үшін тоғызқұмалақтан XIV республикалық турнир жалауын көтерді. Еліміздің 10 аймағынан жиналған 350-ден астам ойыншы екі күн бойы өзара мықтыларды анықтайды, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Дәстүрлі дода осымен 16-шы мәрте өтіп жатыр. 350-ден астам ойыншы жеңістен дәмелі болып келіп отыр. Биыл турнир жылдағыдай жас ерекшеліктері бойынша 5 топқа жіктеліп, ер және қыз балалар арасында өтуде. Қостанай, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстарынан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Павлодар өңірінің аудан-қалаларынан спортшылар бақ сынап жатыр.

тоғызқұмалақ
Фото: Есенжол Исабек

Жарыс рапид түрі бойынша, 8, 10, 13, 15, 16 жас және одан ересек спортшылар арасында өтеді. Қатысушыларға 52 жүлделі орын қарастырылған.

Негізі тоғызқұмалақ Павлодар жерінде ерте заманнан жақсы дамыған. Ұлылар дәуірінен жеткен зияткерлік ойын Алаш арыстары арасында да танымал болғаны мәлім.

Бір деректерде академик Қаныш Сәтбаев Қарсақпайда әлдебір ұстаға тақтасын арнайы ойғызып жасатып, алғаш рет мектепте тоғызқұмалақтан жарыс өткізгені айтылады. Кеңес өкіметі жылдары тоғызқұмалақ ұмыт қалған жоқ.

тоғызқұмалақ
Фото: Есенжол Исабек

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Успенка ауданы Тобылжан ауылында туған Әбдікәрім Есалиновтың (1870-1965 жж.) өз қолымен жасап шығарған тоғызқұмалақ тақтасы сақталған.

Павлодар қаласында 1967 жылы тоғызқұмалақ ойынынан «Еңбек» атты тұңғыш чемпионат өтті.

Сайысты ұйымдастырған «Қызыл ту» (қазіргі Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы») газетінің қызметкері еді.

тоғызқұмалақ
Фото: Есенжол Исабек

1987 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде тоғызқұмалақ ойыны қолға алынып, оқушылар мен жасөспірімдер арасында жарыстар өткізіле бастады.

Ресми статистикаға сүйенсек, Павлодар облысында 2 мыңнан астам оқушы тоғызқұмалақпен тұрақты шұғылданады.