Қайырымдылық қорлары: құрылуы мен қызметі қалай реттеледі
БАҚ-тарда Biz Birgemiz қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Қазақстанда қайырымдылық қорларының қызметі қандай заңдар арқылы реттеледі.
БАҚ-тарда Biz Birgemiz қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Одан бұрын ел азаматтары тағы бір қор — «Асар-Умені» халық ақшасын рәсуа етті деп айыптаған болатын. Қазақстанда қайырымдылық қорларының қызметі қандай заңдар арқылы реттеледі, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қор қалай құрылады
Әділет министрлігінің мәлімдеуінше, елімізде қорларды құру тәртібі «Қайырымдылық туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңмен реттеледі, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қорлар құрылтайшылардың құрамына, сондай-ақ қызмет саласына қарай жеке, корпоративтiк, қоғамдық, мемлекеттiк болып құрылуы мүмкiн.
Ал қызмет мақсаттарына қарай әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм қорлары және өзге де қорлар болып құрылады.
Коммерциялық емес ұйымның жарғысы мыналарды қамтуы керек:
1) коммерциялық емес ұйымның атауын, соның iшiнде ұйымдық-құқықтық нысанын, қызметiнiң мәнi мен мақсатын;
2) коммерциялық емес ұйымның орналасқан жерiн;
3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құрылымын, қалыптастыру тәртiбiн және құзыретiн;
4) коммерциялық емес ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен мiндеттерiн;
5) коммерциялық емес ұйымның мүшелiгiне (егер коммерциялық емес ұйымның мүшелiгi болған жағдайда) қабылдау және одан шығу шарты мен тәртiбiн;
6) коммерциялық емес ұйымның мүлкiн құрау көздерiн;
7) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбiн;
8) коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату шартын;
9) коммерциялық емес ұйым таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану тәртiбiн;
10) филиалдар мен өкiлдiктер туралы мәлiметтердi.
Қорды кім басқарады
Құқық қорғаушы, Қазақстанның құрметті заңгері, ҚР Жоғары сот кеңесі Судьяларды байқау арқылы іріктеу комиссиясының мүшесі, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Серік Беркамаловтың айтуынша, қайырымдылық ұйымының жоғары басқару органы болып оның алқалы органы — Қамқоршылық кеңес саналады. Ол алқалы бола алады — басқарма, сондай-ақ жеке-дара бола алады — директор, төраға.
Одан бөлек, заңгердің айтуынша, қордың бақылаушы орган — тексеру комиссиясы немесе ұйымның басқару органы тағайындаған не сайлаған тексерушісі болуы керек.
Сондай-ақ ол ҚР заңнамаларында қор қызметшілерінің саны мен біліктілігі жайлы белгіленген талап жоқтығын атап өтті.
Қорлардың қандай түрі болады?
Қайырымдылық ұйымдары мәртебесі бойынша халықаралық және республикалық болып бөлінеді.
Халықаралық қайырымдылық ұйымдарына қызметі Қазақстан Республикасының аумағына және одан тысқары жерлерге таралатын қайырымдылық ұйымдары жатады.
Республикалық қайырымдылық ұйымдарына филиалдары мен өкілдіктерінің қызметі Қазақстан Республикасының аумағына таралатын қайырымдылық ұйымдары жатады.
Қайырымдылықтың түрлері — филантропиялық, демеушілік, меценаттық қызмет, кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет.
Заңгер қор өз жарғысында көрсетілген қызметті ғана жүзеге асыратынын, қайырымдылықтан басқа мақсат қоюға құқығы жоғын айтады. Сондықтан негізгі мақсаттың бағытын өзгертуге жол берілмейді.
Қорлардың кіріс көзі
Қайырымдылық ұйымының кіріс көздері мыналар:
1) мүлікті, сондай-ақ оған құқықтарды сыйға тарту, өсиет етіп қалдыру немесе өтеусіз беру;
2) ерікті қайырмалдықтар;
3) қайырымдылық аукциондарынан, конкурстарынан түскен кірістер;
4) нысаналы капитал (эндаумент);
5) қайырымдылық гранттары;
6) кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістер және басқа да заңмен рұқсат берілген көздер.
Сондай-ақ, заңгер ерікті түрде қайырымдылық жасауды сұрайтын қорлар ҚР заңнамаларындағы қылмыстық жолмен табылған заңсыз табыстарды заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы талаптарды сақтауға міндетті екенін айтады. Яғни, олар өздерінің кіріс көзін бақылауы керек және олар жайлы тиісті органға хабарлауға міндетті.
Қор жеке шығындарына қанша қаржы жұмсай алады
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, қайырымдылық жасаушылар кірістерді:
1) бір жылдың ішінде бір рет немесе бірнеше рет қайырымдылық көмекке;
2) ұзақ мерзімді қайырымдылық көмекке;
3) әлеуметтік жарнаманы өткізуге жәрдемдесуге;
4) қайырымдылық ұйымының қызметін жүзеге асыруға жұмсай алады.
Қайырымдылық ұйымдарының әкімшілік-басқарушылық шығындарының сомасы Заңмен регламенттелмеген, оны сол ұйымның басқарушы органы белгілейді.
Серік Беркамаловтың айтуынша, жұмысшыларға жалақы төлеу қор шығындарының ішінде қарастырылған.
Қор кімге есеп беруге міндетті
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, қайырымдылық ұйымдары жылына кемінде бір рет орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында немесе қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында жариялауға міндетті.
Есепте қайырымдылық бағдарламасын орындау шеңберіндегі кірістер мен шығыстар, қол жеткізілген мақсаттар туралы қысқаша ақпарат қамтылуға тиіс.
Сондай-ақ, ҮЕҰ, соның ішінде қайырымдылық ұйымдары жыл сайын 31 наурызға дейін өз қызметі туралы есепті Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына (ҮЕҰ МБ) ұсынады.
Атап өтерлік жайт, «Асар-Уме» қайырымдылық қоры өз есебін жыл сайын жариялап отырады.
Заңгер қор қаржысы тиісті мақсатта жұмсалуын сол ұйымның Қамқоршылық кеңесі не Тексеру комиссиясы тексеретінін айтты. Ал ақша қолды болғаны анықталса, бұл іспен құқық қорғау органдары, атап айтқанда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі айналысады.
Сондай-ақ, сарапшының айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте «Коммерциялық емес ұйымдар туралы ҚР заңнамасын бұзу» атты 489-1-бап бар. Мысалы, осы баптың бірінші бөлігінде ұйым өз қызметі, құрылтайшылары, мүлкі, кірісі және шығысы туралы дер кезінде ақпарат бермесе немесе жалған ақпарат берсе, ескерту жасалатыны жазылған.
Қандай жағдайда қайырымдылық қорының қызметін тиісті мемлекеттік органдар тексеретінін білу үшін Kazinform ҚР Бас прокуратурасына және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сауал жолдады.