Үкімет басшысы орфандық препараттарға қатысты қаржыландыру тізбесін айқындауды тапсырды


Сирек кездесетін ауруы бар науқастарды қымбат препараттармен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмақ. Денсаулық сақтау министрлігі халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша ақпараттық жұмысты күшейтуі қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

«Тағы бір маңызды мәселе – сирек кездесетін аурулары бар науқастарды қымбат препараттармен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау. Бұл жұмысты жақсарту үшін Республикалық орфандық аурулар орталығы құрылды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, мұндай науқастарды емдеу тәсілдері қайта қаралып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, емханаларда есепте тұрған азаматтар үшін қымбат препараттардың жетіспеуіне байланысты көптеген шағымдар келіп түсіп отыр. Министрлік мұндай пациенттерді нақты бақылап, аталған дәрілік заттарға деген қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуі қажет. Ешкім де көмексіз қалмауға тиіс», - деді О. Бектенов.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, орфандық препараттарды сатып алуды қаржыландыру тізбесі мен көздерін айқындап алуды тапсырды.

«Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы дәрілік заттарға электрондық ваучерлер алу бойынша жақында қолданысқа енгізілген процесті тездетіп аяқтау қажет. Бұл тегін дәрі-дәрмек беру рәсімдерін қысқартады. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша ақпараттық жұмысты күшейтуі қажет. Жұртшылық кімге және қандай дәрі-дәрмектер тегін берілетінін нақты білуге тиіс. Мемлекет өз міндеттемелерін орындап отыр», - деді Премьер-Министр.