Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда акваөсіру субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобаларын мақұлдады.


Акваөсіруге 550 млн инвестиция тартылады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысында акваөсіру субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобаларын мақұлдады, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

«Акваөсіру туралы» заң жобасы жөнінде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – жаңа өндіріс орындарын құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті акваөсіру нысандарының өсіру көлемін ұлғайту және олардың қоршаған ортаға, адам өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы акваөсіруді тұрақты дамыту. Сондай-ақ А.Бердалин заң жобасының негізгі міндеттеріне де тоқталды.

– Біріншіден, инвестициялық ахуалды жетіл­діру және акваөсіру объектілері мен олар­дың өңделген өнімдерінің экспорттық әлеуе­тін дамыту. Екінші – инновациялық және индус­триал­дық технологиялар мен үдерістердің тиімді ен­гізілуін қолдау. Үшінші – акваөсіру субъек­ті­лерін мемлекеттік қолдау, – дей келе заң жоба­сын­да су айдындарын конкурстық негізде және конкурс рәсімдерін өткізбей беру тәртібі көзделгенін атап өтті.

Яғни кемі 150 мың АЕК инвестиция болған жағдайда су айдындарын конкурссыз бекіту ұсынылады. Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу тәсілі енгізілмек.

– Бұл ретте тор қоршамада балық өсіру шаруа­шылықтарын құру жөніндегі инвес­ти­ция­лық жобалар үшін егер инвестиция сомасы ке­мінде 150 мың АЕК болса, халықаралық және рес­публикалық маңызы бар су айдындарын кон­курс өткізбей беру ұсынылады. Бүгінде бұл шама­мен 550 млн теңгені құрайды, – деді вице-министр.

Дегенмен сұрақ қою кезінде депутат Ерлан Саиров заң жобасындағы көлдерді балық өсіру­шілерге конкурссыз беру нормасына қарсылық танытты.

– Заң жобасында жаңа өндірістік объекті­лер салуға инвестор 550 млн теңге берсе, өнді­ріс­ті жаңғыртуға 370 млн теңге салса, сол инвес­тор­ларға балық шаруашылығы айдынын, яғни көлдерді конкурс өткізбей, тегін беру қарас­ты­рылған. Енді сол көлдерді конкурссыз тегін беру сыбайластыққа алып келмей ме? Ертең сол жерде конкурс өткізгендердің тамыр-таныстары жүрмей ме, – деп сұрады депутат.

А.Бердалин сыбайластық тәуекелін инвес­тициялық комиссия арқылы азайту тетігі қарас­тырылғанын айтып өтті.

– Су айдындарын конкурссыз беру саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін керек. Қазір резервте арнайы тұрған айдындар бар. Бұл – ірі және терең су аймақтары. Айталық, Каспий теңізінде, Бұқтырма су қоймасында осындай шаруашылықпен айналысуға болады. Бұл жерде айдындар конкурстан тыс берілетіндіктен, оны инвестициялық комиссия бекітеді. Оның құрамына уәкілетті органдардың, жергілікті әкімдіктердің, бассейндік инспекция өкілдері, «Атамекен» ҰКП және салалық кәсіпорын өкілдері кіреді. Сондықтан бұл жерде шешімді бір адам қабылдамайды. Яғни сыбайластық тәуекелін азайтады деген ойымыз бар, – деді вице-министр.

Жалпы, Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған «Акваөсіру туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерден ұққанымыз елімізде акваөсірудің дамуын бақылайтын ақпараттық жүйе құрылатын болды.

Акваөсіру саласында үш жылда бір рет өткі­зілетін оның даму жағдайын бағалау негізін­де мемлекеттік саясат құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта бюджет қаражаты есебінен консалтингтік компания­лар мен талдау орталықтарын, қоғамдық салалық одақтар мен қауымдастықтарды тарту көз­дел­ген. Бағалау нәтижелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде ескеріледі. Цифрландыру мақсатымен мониторингтің ақпараттық жүйесі енгізіледі.

Баяндамашы заң жобасына қосымша мемлекеттік қолдау шаралары енгізілетінін атап өтті. Бұл – субсидиялау, жеңілдетілген кредит, ғылыми сүйемелдеу және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру. Сондай-ақ балық өсіру үшін су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялаудың жаңа түрі қарастырылады. Субсидиялау Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарланған.

Сондай-ақ ведомство өкілінің айтуынша, адам­дардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету үшін акваөсіру саласына мем­лекет­тік бақылау енгізілмек. Мұндағы мақсат – акваөсіру өнімдерінің, адамдардың өмірі, денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін технологиялық үдерістердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде су жануарларының бөтен түрлерінің енуіне жол бермеу.