Халықтың несиесі кешірілетін болса, экономика заңдары бұзылады. Онда несиесін 15 жыл бойы қиналып төлеп жүрген адамдар ақымақ болып шыға ма?


"Халықтың несиесі кешірілетін болса, экономика заңдары бұзылады. Онда несиесін 15 жыл бойы қиналып төлеп жүрген адамдар ақымақ болып шыға ма?" Белгілі экономист Мақсат Халық "Ой-ЛАЙЫҚ" YouTube-арнасына берген сұхбатында халықтың несиесін кешіру экономикаға қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Экономистің айтуынша, несиені кешіру экономика заңдылықтарына қайшы. 

«Халықтың несиесі кешірілетін болса, экономика заңдары бұзылады. Онда несиесін 15 жыл бойы қиналып төлеп жүрген адамдар ақымақ болып шыға ма? Онда олар қандай мемлекетте өмір сүріп жатқандай болады? Телефон алу үшін, той жасау үшін несие алған адамдардың қарызы кешіріле салса, бұл қаншалықты әділетті?» — деді ол.

Мақсат Халықтың пайымынша, басымдылық халықтың табысын арттыруға берілуі керек. 

«Мен халықтың табысын арттыру қажет деп ойлаймын. Халыққа дұрыс жұмыс орнын ұсыну керек, бұл - кәсіпкерлердің қолынан келеді. Егер осы бағытта жұмыс істесек, елімізді жаңа деңгейге көтере аламыз. Халықтың табысы көп болса, несиесін де оңай төлейді, балаларын қосымша курстарға беруге де мүмкіндігі болады. Бұл өз кезегінде білікті, білімді мамандар дайындауға септігін тигізеді», - деп атап өтті экономист.

Сондай-ақ, Мақсат Халық қарапайым халықтың табысының жоғары болуы отандық кәсіпкерлердің дамуына да оң әсер ететінін жеткізді.

«Жалақысы жоғарылаған азаматтар отандық өнімдерді тұтынып, кәсіпкерлердің де жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Барлығы өзара байланысты», - деп қорытындылады экономист.

Сұхбатты «ОЙ-ЛАЙЫҚ» ютуб арнасынан көріңіз.