Кентауда «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы өкілдері ұсталды
Топ мүшелері шетелдік уағызшыларының дәрістерін интернетпен таратқан
ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен Кентау қаласында «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының жасырылған тобын жойды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Polisia.kz жазуынша, ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізуге бағытталған. Жедел-іздестіру шаралары барысында топ мүшелерінің терроризм идеяларын насихаттау, сондай-ақ, діни көзқарасты қорлау деректері анықталды.
Топ мүшелері «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік радикалды уағызшыларының дәрістерін алу және тарату үшін интернет-ресурстарды пайдаланған. Топ жетекшісі бұған дейін тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған, деп жазылған хабарламада.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде 10 күдікті ұсталған. Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде діни-экстремистік әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген. Қазір терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.