Каспий жағалауында итбалық қырылды
Каспий жағалауында қырылған итбалықты Азамат Сарсенбаев есімді блогер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Маңғыстау облысы, Баутино ауылындағы дауылдан кейін теңіздің Түпқараған ауданына қарасты жағалауынан көптеген итбалықтың өлексесі табылды. Қазіргі уақытта ғалымдар 151 өлексені санап шығыпты. Итбалықты зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, көптеген теңіз жануарларының денесінде механикалық зақымдар анықталған. Олардың не себептен жаппай қырылғаны әзірге белгісіз, - деп жазған блогер.
Бұған еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі де жауап беріп үлгерді.
Ведомстваның хабарлауынша өлекселер табылған аумаққа инспекция, жергілікті атқарушы органдар, гидробиология және экология институты, республикалық балық шаруашылығы және «Qazaq balyk» қауымдастығы филиалының өкілдері жедел жетті. Итбалықтың қырылу себептері тиісті зертханалық талдаулардан кейін белгілі болады. Каспий теңізі жағалауында мониторинг жүргізу жұмысы жалғасып жатыр, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.