Жалған шетел валютасын өткізу фактілері жиілеп кетті. Бұл туралы еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі жазды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.


Алматы қаласында жалған 100 долларлық купюраларды сатумен айналысқан бірнеше адам ұсталды.

Қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің бірінің тұратын жерін тінту кезінде 149 дана (14 900 доллар) жалған доллар табылды. Құқық бұзушылар ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. 

Бұдан басқа, бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының бірінде жалған 25 000 доллар мен 10 000 EURO өткізген деген күдікке ілінді. Олар бәс тігу мақсатында бұл қаражатпен шоттарын толықтырған. Жалған ақшаны сатушы қамалды. Қылмыстық процессуалдық кодекс бойынша өзге де ақпарат жария етуге жатпайды, - дейді агенттік өкілдері.

Жалпы, жыл басынан бері ел аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде 647 000 теңге сомасына 141 дана, 90 400 доллар 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра. Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 млн теңгеден асады.

Жалпы, биыл жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Құрметті азаматтар! Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмас үшін жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да, бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны «делдалдардан» сатып алмаңыз. Егер сіз жалған купюраны тапсаңыз, оны айырбастауға тырыспаңыз, - дейді ҚМА.