ШҚО-да есірткі сақтағаны үшін 10 жылға сотталған екі адамды апелляциялық сот ақтап алды.


Шығыс Қазақстан облысында есірткі сақтағаны үшін 10 жылға сотталған екі адам апелляциялық шағым түсіріп, ақталып шықты. ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, П. есімді ер адам мен И. есімді әйел ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі мен психотроптық заттарды өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотталған болатын, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оларға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда айыпталушылар бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. 

«Пәтер мен гаражды тінткенде тергеушінің қасында куәгерлер болмаған. Яғни, психотроптық заттар табылған кезде тергеуші іште жалғыз болып, бейнекамераға түсірмеген. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардан П. мен И.-дің биологиялық іздері табылмады», - делінген ақпаратта. 

Апелляциялық сот айыпталушылардың кінәсі дәлелденбеді деп танып, оларды ақтап шығарды.