Еліміздің өндірісіне жапондық технология енгізіледі
Mitsubishi корпорациясы мен Қазақстан ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.
Mitsubishi корпорациясы мен Қазақстан ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Жаңа инвестиция саясаты туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров айтты. Астанада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбектің Қазақстандағы Mitsubishi Corporation бас директоры Тецуя Сугитамен кездесуі өтті, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, басты назар инвестициялық серіктестікті нығайтуға және елдің өндірістік процестеріне жапондық технологияларды енгізу перспективаларына аударылды.
«Қазақстанның жаңа инвестициялық саясаты одан әрі экспортқа баса назар аудара отырып, қосылған құны жоғары салаларды дамытуға бағытталған», - деп келтіреді баспасөз қызметі Әлібек Қуантыровтың сөзін.
Өз кезегінде Mitsubishi Corporation өкілдері көміртегі ізін азайтуға және сутегі мен жаңартылатын технологияларды ілгерілетуге бағытталған 2024 жылға арналған тұрақты даму стратегиясын ұсынды. Компанияның ұсыныстары арасында сутегі энергетикасы инфрақұрылымын дамыту жобалары мен «жасыл» энергетика саласындағы шешімдер бар.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде цифрлық трансформацияны, таза энергияны және жоғары технологиялық өндірісті талқылады, сондай-ақ тұрақты даму және инфрақұрылымды жаңғырту салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге келісті.