Елде 17 ірі жоба ашылып, 25 мың адам жұмыспен қамтылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген 17 ірі жобаның тізбесін жасағанын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген 17 ірі жобаның тізбесін жасағанын атап өтті. Бұл ретте өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды.
Аталған жобалар экономиканы әртараптандыру және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бағдарламасы аясында іріктелген. Олар металлургия, химия, мұнай-химия, автомобиль, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты негізгі салаларды қамтып отыр.
Басым бағыттардың бірі – автомобиль жасау. Өңірлік деңгейде кластерлер құруды ынталандыру мақсатында инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер бере отырып, компоненттерді өнеркәсіптік жинау туралы келісімдер жасау қолға алынды.
Мұнай-газ химиясы саласын дамыту – тағы бір өзекті міндет. Қазіргі уақытта полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі жобалар іске асырылып жатыр.
Бұл жобаларға құйылатын инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 15 трлн теңге. Нәтижесінде 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Көзделіп отырған экономикалық тиімділік – экспорт көлемін 6 трлн теңгеге ұлғайту және импортқа тәуелділікті 1,5 трлн теңгеге азайту. Барлық жоба өнімділігі жоғары әрі инновациялық өндірістерді дамытуға, сондай-ақ еліміздің тұрақты экономикалық өсіміне ықпал ететін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған.