Көбі мастығынан айыппұл арқалаған


Елімізде жыл басынан бері 500-ге жуық құқық бұзушы әуе рейстерінен түсірілген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Polisia.kz жазуынша, биылғы 10 айда көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 483 жолаушыны актімен әуе рейстерінен түсіріп алған. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін – 245, ұшақ бортында темекі шеккені үшін – 179, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 28 тұлға және басқа да заң бұзушылықтар жасаған азаматтар діттеген жерлеріне жетпеген.

Мәселен, Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Шымкент-Алматы бағытындағы әуе рейсінен ұшақ командирінің актісі бойынша деструктивті жолаушыны түсіріп алды. Тексеру барысында көлік полицейлері Шымкент қаласының 28 жастағы тұрғынын анықтады. Ол ұшақ бортында электронды темекі шегіп, спирттік ішімдіктер ішіп, балағат сөздер айтқан болып шықты, деп жазылған полиция хабарламасында.

Құқық бұзушы қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін, әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 55 АЕК (203 060 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалап, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ұсақ бұзақылық бойынша материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.