Ауылға еңбек етуге баратын мамандардың көтерме ақысы артты
Батыс Қазақстан облысында қаладан ауылға жұмыс істеуге барған мамандарға берілетін көтерме ақы 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін артты
Батыс Қазақстан облысында қаладан ауылға жұмыс істеуге барған мамандарға берілетін көтерме ақы 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін артты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, еңбек нарығындағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 353 000 адам болса, оның ішінде 16904 адам жұмыссыз. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,1%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ды құрайды. 2024 жылғы 1 қарашада 26 810 адам жұмысқа орналасты, осылайша жоспар 94% орындалды», - деді Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан әрі облыс әкімі өңірдегі әлеуметтік жағдайды жетілдіру жұмыстарына тоқталды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа 50 нысан құрылысы жоспарланған, оның 12-сі 2023 жылы пайдалануға берілді. Қалғаны бойынша биыл құрылыс жалғасып жатыр. Оған қоса, 13 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Ауылда маман тапшылығын азайту мәселесі де назарда. Осы жылы медицина мамандарына резидентураға 9 және абитуриентерге 45 грант бөлдік, сонымен қатар берілетін көтерме ақыны 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көтердік. Биыл 131 медицина мамандары жұмысқа қабылданды», - дейді ол.