Жетісу облысында екі адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты іс 4 айға созылған. Қаза болғандардың туыстары бұл іске күмәнмен қарайды.


Жетісу облысында екі адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты іс 4 айға созылған. Қаза болғандардың туыстары бұл іске күмәнмен қарайды. Полиция департаменті сарамтама тағайындалғанын айтты. Оқиға 2024 жылдың 18 шілдесінде «Алматы-Өскемен» тас жолында болған, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Алакөл ауданы жақтан келе жатқан Mazda-626 автокөлігі қарсы бағытта келе жатқан Faton жүк көлігімен соқтығысқан, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Жеңіл көліктің рөліндегі 73 жастағы қария мен оның 17 жастағы немересі оқиға орнында көз жұмған.

Жәбірленуші тараптың айтуы бойынша жол-көлік оқиғасын тіркеген жергілікті полиция қызметкерлері қайтыс болған азаматтардың қаралы хабарын арада тек 4 сағат өткеннен кейін ғана жеткізген.

Ұлы мен әкесінен айырылған сарқандық Нұрлыбек Әлімбай бұл жерде бір шикілік бар деп отыр.

«Күмәнім бар. Өйткені кісі қайтыс болған кезде екі жақтың адамдарын шақырып көру керек еді. Олар 4 сағат уақытты жоғалтып, әбден тазалап, бәрін реттеп болғаннан кейін хабарласып отыр. Міне, 4 ай уақыт болды. Осы аралықта құқық қорғау органдарынан ешқандай хабар жоқ. Бәрі белгілі нәрсе. Қайда барып, кімнен сұрайтынымызды білмейміз», — деді Нұрлыбек Әлімбай.

Істің осы уақытқа дейін созылғанын Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері жол- көлік оқиғасы және техникалық жағдай сараптамасының жүргізіліп жатқандығымен байланыстырады. Жүк көлігінің жүргізушісінен де жауап алынған. Тергеу істері жүріп жатқандығын алға тартып, құқық қорғау өкілдері бұдан өзге ақпарат беруден бас тартты.

«18 шілдеде «Алматы-Өскемен» тас жолының 447-шақырымында мазда автокөлігі мен Faton жүк көлігінің соқтығысы болған. Екі адам қайтыс боды. Қылмыстық іс ҚР 345-бабы 4- бөлігі бойынша қозғалды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Іс полиция департаментінің қатаң бақылауында. Осы айдың аяғына дейін шешім қабылдаймыз», — деді Полиция департаментінің аға анықтаушысы Бауыржан Тайлақбаев.