2025 жылдан бастап тек тіркелген тұлғалар жолаушы тасымалдайды
Заңсыз автотасымалдаушылармен күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. 2025 жылдан бастап жеке агрегаторлар жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген тұлғаларға ғана тапсырыс беретін болады
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев заңсыз автотасымалдаушылармен күрес жүргізіліп жатқанын және жаңа жылдан бастап жеке агрегаторлар жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген тұлғаларға ғана тапсырыс берілетінін айтты, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«2025 жылдан бастап жеке агрегаторлар жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген тұлғаларға ғана тапсырыс беретін болады. Өз кезегінде жеке тасымалдаушылар күнделікті рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексеруден өтуге, автокөлікті күнделікті техникалық байқаудан өткізуге, сол жақтан басқарылатын автокөліктерді пайдалануға, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауға міндетті болады. Көрсетілген талап орындалмаған жағдайда интернет агрегаторлардың иелері жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермеуге міндетті», - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.
Қайсар Сұлтанбаев Көлік министрлігімен бірлесіп осындай тасымал түрін жүзеге асыру үшін өз бағдарламаларын ұсынатын компаниялармен меморандумдар жасалғанын атап өтті.
Меморандум аясында жүргізушілер еңбек және демалыс режимін сақтауына, медициналық тексеруден өтуіне, жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелеріне қойылатын талаптар күшейтілетін болады. Интернет агрегаторлар осы кезде қосымшалардың жұмысын пысықтап жатыр.