Астанада «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясының кезектен тыс V съезі өтті. Жиында партияның жаңартылған сайлауалды платформасы қабылданып, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына ұсынылатын 51 кандидаттан тұратын партиялық тізім бекітілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Съезд басталар алдында жиын айқай-шусыз өткен жоқ. Партияның бір топ мүшесі өздерін съезд өтіп жатқан ғимаратқа күзет қызметкерлері кіргізбегенін айтып, наразылық білдірді.
Жиын барысында партия төрағасы Азаматхан Әміртай сөз сөйлеп тұрған кезде партияның саяси кеңес мүшесі Асқар Иманәлиев өз бастамасымен мінберге көтерілді. Ол съездің күн тәртібімен келіспейтінін айтып, партия басшылығын жаңарту және төрағаны қайта сайлау мәселесін көтерді.
Асқар Иманәлиевтің сөзінше, өзге саяси партиялардағыдай «Байтақ» партиясында да басшылықтың ауысып отыру қағидаты сақталуы қажет. Сондай-ақ ол партия жұмысының жүйелі жүргізілмейтінін және сайлауалды бағдарламада экология мәселесіне 3 пайыздан аз орын берілгенін сынға алды.
Өз кезегінде партия төрағасы Азаматхан Әміртай партия жарғысына сәйкес мұндай мәселені қарау үшін барлық өңірлік өкілдіктердің қатысуы қажет екенін айтып, бұл ұсынысты күн тәртібіне енгізбеуді ұсынды.
«Біз мемлекеттен қаржы алмаймыз, мен өз қаражатыммен партияны ұстап тұрмын. Жылына шамамен 600 миллион теңге жұмсалады», – деді Азаматхан Әміртай.
Соған қарамастан съезд өз жұмысын жалғастырып, делегаттар партия Жарғысына өзгерістер енгізуді және «Қазақстан – өмір сүруге қолайлы ел!» атты жаңартылған сайлауалды платформаны бірауыздан қолдады.
Құжатта экология мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалып, оны экономика, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, қала құрылысы және мемлекеттік басқару жүйесімен ықпалдастыру көзделген. Сонымен қатар сайлауалды міндеттемелердің орындалуына қоғамдық бақылау тетігі енгізілген.
Съездің қорытындысында 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысатын 51 кандидаттан тұратын партиялық тізім ашық дауыс беру арқылы бекітілді. Партияның мәліметінше, тізімге өңірлік көшбасшылар, ғалымдар, тәжірибелі мамандар мен эколог-сарапшылар енген.