$ 471.04
 538.54
 6.17

ЖСДП сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтайға кандидаттар тізімін бекітті

Редактор
08.07.2026, 18:02
Bairaqmedia.kz
Bairaqmedia.kz
ЖСДП ұсынған кандидаттардың жалпы саны 33-ті құрады
Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) кезектен тыс XXV съезі өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен съезне келген делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдап, Қазақстан Республикасы Құрылтайы сайлауына ұсынылып отырған кандидаттар тізімін бекітті. ЖСДП ұсынған кандидаттардың жалпы саны 33-ті құрады. Одан бөлек, алдағы сайлау кезеңіне арналған партияның саяси стратегиясын айқындады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz

Съезде ЖСДП-ның сайлауалды науқанына дайындық кезеңінің басталғаны жарияланды.
«Прогресс жолындағы 20 белес». Бұл – ЖСДП-ның жаңа бағдарламасының басты тақырыбы. Бағдарлама атауының өзіндік мәні де зор. Себебі осы жылы ЖСДП-ның құрылғанына 20 жыл толады. Осыған орай бағдарламадағы 20 белес – партия ұсынған реформалардың жиырма нақты бағытын айқындады.

Бағдарламаны таныстыру барысында партия басшылығы бұл құжаттың сайлау науқаны кезінде берілетін уәделер жиынтығы емес, бұл – Еркіндік, Әділдік, Ынтымақтастық қағидаттарына негізделген жүйелі реформалардың нақты жоспары екенін атап өтілді. Партияның пікірінше, жауапты демократия дәл осы қағидаттарға сүйенуі тиіс. Азаматтар мемлекеттік билік өкілдерін сайлап қана қоймай, олардың қабылдаған шешімдерінің орындалуын бақылап, нақты нәтижелерді талап етуі қажет.

Съезді ашқан ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін еліміз саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ата Заңда көрініс тапқан көптеген бастамаларды партия ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде ұсынып келген. Сонымен қатар партия төрағасы ЖСДП бүгінде өзінің дамуындағы жаңа кезеңге аяқ басқаны туралы да толық баяндады.

«Жиырма жылдық тарихында ЖСДП өз бағытын бірде-бір рет өзгерткен емес. Біз әрқашан халықпен бірге болатын партия болып қала береміз.»,-деді ол.

Оның сөзінше, сайлауалды бағдарлама демократиялық реформалардың міндеттерімен ғана шектелмейді. Онда мемлекет, экономика және әлеуметтік саланы жаңғыртудың нақты тетіктері ұсынылған. Съездің жеке бір бөлігі әлеуметтік саясат мәселелеріне арналды Баяндамашылар партияның сайлауалды бағдарламасын толыққанды қолдай отырып, онда айтылған біраз тармақтарға басымдық берді. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларына жұмсалатын шығындарды бюджетің шығыстары ретінде емес, адам капиталы мен елдің болашағына салынатын инвестиция ретінде қарастыруы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ партия экономиканы демонополияландыруды, отандық өндірісті қолдауды, ауыл шаруашылығын дамытуды, шартты жер үлестері иелерінің (пайшылар) құқықтарын қалпына келтіруді, жеке қосалқы шаруашылықтардың құқықтық мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді және табиғи ресурстарды пайдаланудан түсетін табысты әділ бөлуді дәйекті түрде қолдайтынын ашық айтты. Съезде саяси реформаларды жалғастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды.

ЖСДП халық билігі институттарын одан әрі дамытуды, әділ саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуді, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруды, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуді және азаматтардың конституциялық құқықтарының іс жүзінде толық жүзеге асырылуына кепілдік беруді қолдайды. Съездің қорытындысында партия басшылығы ЖСДП сайлауалды бағдарламасының қуатты, заманауи саяси көзқараспен және елдің дамуына үлес қосуға бағытталған нақты стратегиямен өз тарихының жаңа кезеңіне қадам басқанын мәлімдеді.

«Біздің партия тарапынан ұсынылған кондидаттардың барлығы дерлік қоғамның сұранысын жақсы білетін және сезінетін азаматтар. Олар Қазақстандағы социал-демократиялық идеялардың өміршеңдігін нақты істерімен дәлелдеген азаматтар», – деді партия төрағасы Асхат Рахымжанов.

Партия өкілдері өз баяндамаларында партияның ұстанымдары мен нақты қадамдарын барынша ашып көрсетті.

«Біз орындалуы мүмкін емес уәделер бермейміз. Біз жауапкершілікке, әлеуметтік әділеттілікке және адамға деген құрметке негізделген дәйекті реформаларды ұсынамыз. Мемлекет ең алдымен адам үшін қызмет етуі тиіс. Бұл қағидат – ЖСДП идеологиясының негізгі өзегі»,-дейді ЖСДП Орталық аппаратының басшысы, кондидат Мақсұт Насибулов.

Партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, партия жетекшілері мен басшыларының арасында олигархтар болмауы керек.

«Біздің басты қағидаларымыздың бірі – партия басшылығы мен кандидаттарының қатарында мемлекеттік құзырлы органдарда, ірі қаржы институттары мен өзге де олигополиялық құрылымдардың басшылығында отырған тұлғалардың болмағаны дұрыс. Себебі мұндай тұлғалар көп жағдайда халықтың емес, өз мүдделеріне жұмыс істейді. Тіпті біздегі кейбір саяси ұйымдар мен партияларда мұндай тұлғалардың бар екені жасырын емес», – деді.

ЖСДП съезінде халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған қағидаларды берік ұстанатынын мәлімдеді. Осы ретте партияның Атырау облыстық филиалының төрайымы Нұрайнаш Камалова бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, партия өз бағдарламасында зейнет жасын едәуір төмендетуді көздейді. «Біз зейнет жасын төмендетуді ұсынамыз. Себебі азаматтардың өмірі мен денсаулығының сапалы болуы маңызды », – деді.

Бұдан бөлек, партия съезінде халықтың әл-ауқатын арттыру, ауыл-аймақтарды дамыту, азаматтардың өмір сапасын жақсарту, экологиялық ахуалды жақсарту және ел экономикасына қатысты бірқатар мәселелер де көтерілді. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасын енгізу қажеттігі де айтылды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау